MNU
2021 жылы Maqsut Narikbayev University Жоғары гуманитарлық мектебі бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді пайдалану дағдылары бар, құқықтық, қаржы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты терең білетін кәсіби журналисті даярлау мақсатында журналистік зерттеу саласындағы «Журналистика: аналитика және зерттеу» бакалавриат бағдарламасын ашты. Бағдарлама 2022 жылы Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттіктің (IQAA) ұлттық аккредиттеуінен сәтті өтті. Осы бағдарлама аясында Maqsut Narikbayev University студенттердің білімін практикалық тұрғыда шыңдау мақсатында Video Studio және Media Hub студияларын ашты. Әр студия кәсіби түсірілімге арналған фотоаппарат, штатив, объектив, жарықтандырғыш, софтбокс, микрофон, светодиодты жарықтандырғыш, вспышка, суфлер секілді құралдармен жабдықталған әрі циклорамасы бар фото, видео, подкаст аймақтарын қамтиды.
2023 жылы ҚР Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында Maqsut Narikbayev University «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» медиа-холдингімен бірлесіп Халықаралық журналистика мектебін ашу туралы шешім қабылдады. Осыған орай Университеттің бір бөлігі ренновациядан өтіп, оған қоса студенттердің практикасына бағытталған News Studio, Podcast Area, жаңалықтарды тікелей эфирде көрсететін LED экран, құралдарды жалға беретін Equipment Room, Media Lab монтаж студиясы ашылды. Сонымен қатар Халықаралық журналистика білім беру бағдарламасының студенттеріне жаңа аудиториялар есігін ашты. Студенттер жаңа ашылған білім беру бағдарламасы аясында журналистикалық дағдылар, дата журналистика, медиа технологиялар, халықаралық қатынастар, этика және заң модульдерін өтпек.